Жаңалықтар

27 мамыр 2016
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының кезекті отырысы болып өтті

 

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында басты жалпыұлттық құндылықтарды айқындап берген  «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданғанын атап өтті. Г.Әбдіқалықова  Қазақстанның әйелдер қоғамдастығы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Отырыста гендерлік бюджеттеу мен оны Қазақстан Республикасында енгізудің перспективасы қаралды. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, гендерлік бюджеттеудің негізгі міндеті жеке бір жыныстың игілігі үшін емес, тұтастай халық үшін бюджетті жоспарлау, сонымен қатар әрбір отбасының өмір сүру деңгейін арттыру болып саналады.

Бүгінгі таңда гендерлік бюджеттеу ісі әлеуметтік дамудың  2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын, Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасын, Бизнестің 2020 жол картасын және т.б. бағдарламаларды іске асыру аясында әйелдердің іскерлік белсенділігін арттыруды, халықты жұмыспен қамтуды, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды көздейтін шараларды іске асыру арқылы ілгерілеуде.

Отырыста сондай-ақ ерлердің репродуктивті денсаулығын жақсарту жөніндегі мәселелер қаралды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстандағы ерлердің репродуктивтік жүйесі аурулары тыныс алу органдары, қан айналымы жүйесі және ас қорыту жүйесі ауруларынан кейінгі төртінші орында тұр. 2015 жылы уроандрологиялық аурулардың 591 мың фактісі тіркелген. Бүгінгі таңда осы ауруларды анықтау үшін еліміздің барлық өңірінде урологиялық және андрологиялық көмек көрсететін медициналық мекемелер ашылды, олардың аясында «Ерлер денсаулығы мен отбасылық ұзақ өмір сүру орталықтары» жұмыс жүргізе бастады. 2015 жылы осы орталықтарда ерлердің репродуктивтік жүйесі аурулары бойынша 44 606 ер азамат тексеруден өтіп, емделді.

Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы мәселе қаралды. Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы шараларының бірі Қазақстанның барлық өңірінде дағдарыс орталықтарын құру болып саналады Бүгінде республикада 28 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде, олардың 17-сінің баспанасы бар. Аталған орталықтарға 2015 жылы зорлықтың құрбандарына көмек көрсету мақсатымен 211 маман тартылып, 16,8 мың әйелге кеңес берілді. Дағдарыс орталығының сенім телефонына 2015 жылы 14 мың қоңырау түсті, 11,3 мың әйел осы орталықтан көмек алу үшін байланысқа шықты және олардың 975-і орналастырылды.

Отырыс соңында Г.Әбдіқалықова қаралған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Астана – Казахстан
Все события рубрики Астана – Казахстан