Жаңалықтар

23 сәуір 2007
Алматыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен конституциялық реформалар мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті.

Отырыста жұмыс тобының бастапқы қорытындылары, атап айтқанда Үкіметті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп комитетін, Конституциялық Кеңесті, Жоғары сот кеңесін жасақтау мәселелерінде Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған ұсыныстар талқыланды.

 

Брифингте жұмыс тобының мүшесі, Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов хабарлағанындай, «жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары бойынша жобаға Конституцияның құқық қорғау функциясын күшейтуге, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қызметіне қатысты өзгерістер енгізілетін болады. Президент Конституциядағы жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру мәселелеріндегі олқылықтың орнын толтырудағы жұмыс тобының рөлін атап өтті».

 

 

Бұл өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының түпкілікті мәтінінде көрініс табатын болады.

 

 

Анықтама үшін:

 

 

Жұмыс тобы Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен құрылған болатын. Оның мақсаты – Мемкомиссия қабылдаған құжатта – «Қазақстан Республикасында 2007-2008 жылдарға арналған саяси реформалаудың негізгі бағыттарында» баяндалған ұсыныстарға заңдық құжат формасын беру.

 

 

Жұмыс тобының құрамына Конституциялық Кеңестің төрағасы Игорь Рогов, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оңалсын Жұмабеков, Парламент Сенатының мемлекеттік құрылыс және құқықтық саясат жөніндегі комитетінің төрағасы Ермек Жұмабаев, Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Сергей Жалыбин, Президент Әкімшілігінің Заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі Талған Донақов, Д.Қонаев атындағы университеттің ректоры Өмірәлі Қопабаев, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғайрат Сапарғалиев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің конституциялық құқық кафедрасының меңгерушісі Виктор Малиновский, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сот билігі және қылмыстық үдеріс кафедрасының меңгерушісі Қалимолла Халықов кіреді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар